"Риодағы Олимпиада ойындарында «күміс» медаль алған Әділбек Ниязымбетов пен Василий Левитке «алтын» медальдің сыйақысы тапсырылады. Бүгін Астанада жазғы ХХХІ Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне құрмет көрсету салтанатты шарасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті", - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы спортшыларымыз 270 елдің арасында 22-ші орынды иеленіп, барша әлемнің алдында Қазақстанның абыройын асқақтатқанын айта келе: «Риода еліміздің Әнұраны үш рет шырқалып, көкбайрағымыз үш мәрте көтерілгенін мақтан етеміз. Осы ретте Олимпиада чемпиондарының жеңістері атап өтілді, яғни боксшымыз, командамыздың капитаны Данияр Елеусінов жеңіс тұғырынан көрінді. Біздің тарихымызда алғаш рет жүзуші Дмитрий Баландин «алтын» иеленді. Менің ойымша, енді жүзуге қызығушылық танытқан балалар саны арты түседі. Сонымен қатар ауыр атлетшіміз Нижат Рахимовтың еңбегі лайықты бағаланды»,-деді.
Бұдан бөлек Н. Назарбаев жалпы қоржынға түскен бес «күміс» жүлде мен тоғыз «қола» медаль иегерлеріне құттықтауын жеткізді.
«Спортттық жетістіктің эстафетасын боксшыларымыз қуаттады, яғни өткен Олимпиаданың вице-чемпионы Әділбек Ниязымбетовтің және Василий Левиттің еңбегі ерекше. Біз баршамыз білеміз, бұл екі боксшымызды Олипиаданың алтын жүлдегері деп санау керек. Осы ретте марапаттауда, сондай-ақ ынталандыру тұрғысында оларды «алтын» медаль алғандармен теңестірдім»,-деді Елбасы.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы «қола» жүлде алған спортшыларға болашақта биік жетістіктерден көрінулеріне тілек білдірді.
Рио-де-Жанейро қаласында 2016 жылы 5 және 21 тамыз аралығында өткен Жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан құрама командасы жалпы саны 17 медаль ұтып алды. Бұл Қазақстанның Олимпиада ойындарына 6-ші рет қатысуы. Төрт жылдықтың басты додасында еліміздің намысын 26 спорт түрінен 104 спортшы қорғаған. Олимпиададан Қазақстан еншісінде 3 алтын, 5 күміс, 9 қола жүлде бар. Алтын жүлдеге бокстан Данияр Елеусінов, ауыр атлетикадан Нижат Раxимов пен жүзуден Дмитрий Баландин қол жеткізді. Күміс медальді қазақ спортшылары сапынан Әділбек Ниязымбетов (бокс), Василий Левит (бокс), Жазира Жаппарқұл (ауыр атлетика), Елдос Сметов (дзюдо), Гүзел Манюровалар (күрес) алып берсе, қола жүлдеге Иван Дычко (бокс), Дариға Шәкімова (бокс), Отгонцэцэг Галбадраx (дзюдо), Карина Горичева (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (жеңіл атлетика), Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Элмира Сыздықова (күрес), Екатерина Ларионова (күрес), Фарxад Харки (ауыр атлетика) қол жеткізе алды.