05 қаң, 2021 сағат 20:47

Президент Наурызды атап өту жүйесін құруға назар аударғаны қуантады - Дүйсенғазин

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты өз мақаласында Наурыз мейрамын атап өту жүйесін құруға баса назар аударғаны қуантады. Мұндай пікірді айтыскер ақын, филология ғылымдарының кандидаты Серікзат Дүйсенғазин білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Президенттің 30 жылда атқарылған елеулі істерді сараптап, алдағы он жылдықтың жоспарын түзген мақаласы бәрімізді толғантты. Мақалада көбіне ұлттық дүниелерге басымдық берілген. Ал өзіме ерекше ұнаған бастаманың бірі – Наурыз мейрамын атап өту жүйесін жасау. Өйткені, бізде Наурызды мерекелеу концепциясы жоқ. Осы тақырыпқа келгенде көп сын айтылады. Төл мәдениетімізді дәріптеу үшін Наурыздың мән-маңызы ерекше. Сондықтан Президенттің өзі осы мәселеге баса назар аударғаны – барлығымызды қуантып отыр.

Сонымен қатар Президент өз мақаласында соңғы кездері солтүстік өңірлердің шекарасына қатысты жиі айтылып жүрген арандатушылық ой-пікірлерге нақты нүкте қоя білген. Мемлекет басшысы Қазақстанның халықаралық ұйымдармен мойындалған шекарасы бар және оған ешкімнің күмәні болмауға тиіс екенін ашып айтты», - деді Серікзат Дүйсенғазин.

Бұдан бөлек айтыскер ақын Мемлекет басшысың сапалы тарихи кинофильмдерді көптеп түсіріп, сол арқылы жас буынды тәрбиелеу қажеттігі айтылған бастамасына қолдау білдірді. 

«Кино саласы елімізде кемшіндеу. Фильмдер түсірілді, бірақ ол туындылар арқылы толық тарихымызды әлемге таныта алмадық. Соның салдарынан кейбір көршілеріміз «Қазақ халқының жері біздікі» деген пікір айтып жүр. 

Сондықтан біз тарихымыздың тереңнен бастау алатынын дәлелдеуіміз қажет. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын орданың тарихы сұранып тұрғанын айтты. Яғни, біз жарты әлемді билеген Алтын орданың тарихи шекарасын иемденіп қалған мемлекеттің жалғасымыз», - деп атап өтті Серікзат Дүйсенғазин.