Фото: Ақорда
Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының ІІІ республикалық форумында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті басқару жүйесін жетілдіру, бюджетті тиімді жоспарлау, депутаттардың жауапкершілігін арттыру және цифрландыру мәселелеріне тоқталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Президенттің айтуынша, аймақтардың тұрақты дамуы мен тұрғындардың тұрмыс сапасының артуы жергілікті билік пен мәслихаттардың тиімді жұмысына тікелей байланысты. Сондықтан өкілді органдардың рөлін күшейтіп, олардың өкілеттігін нақтылай түсу қажет.
Бюджет шығынына қатаң бақылау қажет
Мемлекет басшысы әкімдіктер жанындағы бюджеттік комиссия құрамына тәжірибелі әрі беделді мәслихат депутаттарын қосу қажет екенін айтты. Бұл шешім бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Президент жергілікті билік бюджет қаржысын тиімсіз жобаларға жұмсамауы керектігін атап өтті.
«Қыруар қаржыны оңды-солды шашып, пайдасы жоқ бастамаларға жұмсауды доғару қажет. Әкімдер республикалық бюджеттен берілетін түрлі дотацияға сеніп отыра бермеуі керек. Масылдық ұғымынан біржола арылу қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, өңірлік бюджет қабылданған кезде жаңа жұмыс орындарының саны, тартылатын инвестиция көлемі, бизнесті дамытуға жасалатын жағдайлар мен бюджетке түсетін салық мөлшері нақты көрсетілуі тиіс.
Мәслихаттардың өкілеттігін кеңейту ұсынылды
Президент мәслихаттардың құзыретін одан әрі кеңейту қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, көптеген өкілеттіктердің әлі де нақты айқындалмауы мемлекеттік басқару процесіне кедергі келтіріп отыр.
Сонымен қатар депутаттардың жауапкершілігін күшейту мәселесі де көтерілді. Мемлекет басшысы өз міндетін орындамаған немесе этикалық нормаларды бұзған депутаттарға қатысты нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтты.
Президент мемлекеттік басқару жүйесінде ротациялық қағидатты енгізу жалғасатынын жеткізді. Қазір сайланатын әкімдердің өкілеттігі екі мерзіммен шектелген. Енді осы тәжірибені мәслихат төрағаларына да қолдану ұсынылды.
«Мәслихат төрағаларының өкілеттігі де екі мерзімнен аспауы керек. Осындай тәсіл арқылы кәсіби депутаттық корпус қалыптастырып, оның тиімділігін арттыруға болады», – деді Президент.
Фото: Ақорда
Азаматтардың шағымы көбейген
Форум барысында Мемлекет басшысы халықпен ашық диалог орнатудың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, соңғы уақытта орталық органдарға өңірлерден келетін шағымдар саны көбейген.
Мәселен, өткен жылы Президент Әкімшілігіне шамамен 83 мың өтініш келіп түскен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 30 пайызға көп.
Президенттің айтуынша, бұл мәселелердің көпшілігін жергілікті деңгейде шешуге болар еді.
«Ашығын айтқанда, жұрт өңірдегі биліктен ең қарапайым мәселелерге қатысты түсініктеме ала алмайды. Содан кейін азаматтар елордаға хат жолдап, тікелей Президентке жүгінеді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осыған байланысты Президент мәслихат депутаттары халық пен билік арасындағы негізгі көпір болуы тиіс екенін атап өтті.
Цифрлық мемлекет құру – басты мақсат
Форумда цифрландыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы толыққанды цифрлық мемлекет құру Қазақстан үшін стратегиялық маңызды міндет екенін айтты.
Президенттің айтуынша, озық технологиялар мен жасанды интеллектті мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу – елдің болашағы үшін аса маңызды бағыт.
Сондықтан мәслихат депутаттарының кәсіби біліктілігін арттыру және цифрлық құзыреттерін дамыту қажет. Бұл бағытта Мемлекеттік басқару академиясы арнайы оқу бағдарламаларын жүзеге асырып жатыр.
Бүгінге дейін 1200-ге жуық депутат кәсіби біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Сонымен қатар AI Governance 500 бағдарламасы аясында облыстық мәслихат аппараттарының басшыларын оқыту жоспарланып отыр.
Мәслихаттар – ұлттық саясаттағы кадр резерві
Президент мәслихаттардың тағы бір маңызды миссиясына тоқталды. Оның айтуынша, жергілікті өкілді органдар жоғары заң шығарушы орган үшін кадр даярлауға да белсенді қатысуы тиіс.
Мемлекет басшысы жаңа Конституциялық өзгерістерге сәйкес заң шығару жүйесінде пропорционалды өкілдік қағидаты қолданылатынын айтты. Бұл саяси партиялардың рөлін күшейтіп, заң шығару сапасын арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар өңірлік деңгейде мажоритарлық, яғни бір мандатты сайлау жүйесі сақталады.
«Бұл өте маңызды. Өйткені мәслихат депутаттары сайлаушылармен тікелей байланыста жұмыс істейді. Сонымен бірге бұл жүйе партияға кірмейтін, бірақ халық сенетін іскер азаматтарға саясатқа келуге мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, мұндай тәсіл мәслихаттардың ықпалын арттырып, жергілікті басқару жүйесінің тиімділігін күшейтеді.
