01 қыр, 2021 сағат 11:45

Тоқаев: "Мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр"


Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп жайылым мәселесіне қатысты батыл шаралар қабылдауға тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауын айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды.  Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр.

Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс. 

Жеке қосалқы шаруашылықтардың малын жайылымдық жермен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Олардың құқықтық мәртебесі және көрсетілетін қолдау тәсілдері «Жеке қосалқы шаруашылықтар туралы» бөлек заңда көрініс табуы керек. Үкімет бұл заң жобасын өте қысқа мерзімде әзірлеуге тиіс», - деді Президент.