Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарық көрген «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» мақаласында елімізде білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керектігін атап өтті. Бұл ретте салада ауқымды жұмыстар атқарылғанымен, отандық білім беру ісінде әлі де олқы тұстар барын тілге тиек етті», - дейді Айгүл Мұқашева.
«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бастамалардың бірі. Бұл – сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Жалпы, кез келген қоғамда ұстаздың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Ұстазға құрмет көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің міндетіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек» делінген мақалада.
«Президенттің Ұстаз мәртебесін көтеруге осылай айрықша назар аударғаны жаңадан қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заңымызды іске асыру кезінде аса маңызды деп есептеймін. Салалық білім кәсіподағы Президент тапсырмасының орындалуы мақсатында жүйелі жұмыс жүргізеді», - дейді Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы.