Парламент Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Әлемде өзінің азаттығы үшін ғасырлар бойы күресін үзбей жалғастырған және түбінде қолын жеткізген ұлттардың бірі - қазақтар. Сондықтан халқымыз үшін Тәуелсіздік - киелі, қастерлі ұғым! Біз оның қадірі мен киесін түсінген елміз. Табалдырығымыздан аттаған биылғы жылы - осы Тәуелсіз ел атанғанымызға 30 жыл толады. Осы орайда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында биылғы жылдың қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес екендігіне баса екпін түсірілген. Тәуелсіз мемлекет ретінде жаһандық көшке ілескен жаңа Қазақстан іргетасының қалануы, азаттығымызды нықтау, керегемізді кеңейту және мерейлі елге айналудың оңай соқпағаны бәрімізге мәлім», - деді сенетор.
Оның айтуынша, Президент аталған мақаласында егемендіктің отыз жылдық ғұмырына талдау жасай келе, оны үш онжылдыққа бөліп, еңсерген белестерімізді, бағындырған биіктерімізді, қол жеткізген табыстарымызды тарқата баяндаған.
«Тарих тамырына тереңдей бойласақ, осынау сайын далада көшпелілер өркениетін қалыптастырған, кіндік қаны тамған туған жерін және еркіндігін қасық қандары қалғанша қорғаған ата-бабаларымыз тағдырдың талай таршылығын, қиын-қыстау кезеңді, нәубетті жылдарды өткерді. Оның бер жағында кеңестік дәуірдің зұлматтарын да бастан кешірдік. Бірақ мойымадық, табандылық таныттық. Өрлігіміз бен рухтың асқақтығы ұлт ретінде жойылып кетуден сақтады. Осыны түйсінген адамға керектінің бәрі аталған мақалада көрініс тапқан. Бүгінде біздің көрші елдермен халықаралық заңдарға негізделіп, ресми бекітілген шекарамызға, тұтастығымызға күмәнмен, қызғанышпен қарап, арандатушылыққа бой алдырып жүрген шетел азаматтарының әрекеттеріне де Президентіміз мақаласында ғылыми негіздеп тойтарыс бере білген. Әр қазақтың көкейінде жүрген, еліміздің ішкі, сыртқы саясатына қатысты жаһандық сұрақтарға жауап болатындай мәселелер қамтылған. Келешекте ондай көрші мемлекеттермен арадағы татулыққа сына қағушылыққа жол бермес үшін, атқарылар игі істерге жол сілтеген. Тәуелсіздікті алу бар, бірақ оны қорғап қалу, баянды ету, келешек ұрпақтың қолына аманаттау - мынадай мың құбылған, алмағайып заманда оңай емес. Сондықтан да Президентіміз айтқандай «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген сөзі мәңгілік ұранымызға айналуы керек!», - деді Ақылбек Күрішбаев.