28 қаз, 2023 сағат 21:45

Президент көңіл айтқан мемлекет басшыларына ризашылығын білдірді

Фото: Akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысындағы қайғылы оқиғаға орай көңіл айтқан барлық шет мемлекеттер басшылары мен қазақстандықтарға ризашылығын білдірді, - деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

«Қаза болған кеншілердің отбасыларына көңіл айтып, осынау қиын сәтте жылы лебіздерін жолдап, қолдау көрсеткен мемлекеттер басшыларына, қоғам қайраткерлеріне, азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деп жазды Мемлекет басшысы Х парақшасында.

Еске салайық, бүгін түнде Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада өрт болды. Сағат 17:33-тегі мәлімет бойынша, 33 кеншінің денесі табылды,13 адам іздестіріліп жатыр.

Кешқұрым брифинг өткізген Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов жер астында қалған кеншілерді тірі табуға үміт өте аз екенін мәлім етті.