08 қыр, 2025 сағат 13:19

Президент: Қазақстанда екінші және үшінші атом электр станциясын салу жоспары қарастырылуы тиіс

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Жолдауында еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлау қажет екенін айтты, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің сөзінше, Қазақстан қуат көздерін жаңғыртып, шетелдік инвесторлардың қатысуымен ірі жобаларды жүзеге асыруда. Алдағы бес жылда қуаты 6,3 гигаватт болатын «жасыл» энергия нысандары іске қосылып, жаңартылатын энергия үлесі айтарлықтай өседі.

Алайда елдің басты мақсаты тек қуат көздерін түрлендіру емес, ұзақмерзімді ұлттық мүддеге негізделген тұрақты даму жолын қамтамасыз ету. Осы орайда ядролық энергетиканы дамытудың маңызы ерекше. Бір ай бұрын Алматы облысында алғашқы атом электр станциясының құрылысы «Росатоммен» бірге басталған. Бірақ экономиканы тұрақты дамыту үшін бұл жеткіліксіз.

«Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек», — деді Президент.


Сондай-ақ Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуде атом саласында стратегиялық серіктестік орнағаны атап өтілді. Қазақстан энергетикалық дербестікті қамтамасыз ету үшін әлемдік компаниялармен өзара тиімді байланыс орнатуға дайын.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы көмір энергетикасын экологиялық таза технологиялар арқылы дамыту қажеттігін де атап өтті.