Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәниді "Алтын Қыран" орденімен марапаттады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәниге Қазақстан Республикасының ең жоғары мемлекеттік наградасы - "Алтын Қыран" орденін табыс етті.
Орден табыстау рәсімінде Мемлекет басшысы Қатар Әмірінің халық алдындағы абырой-беделін, ел басқару ісіндегі даналығы мен ерекше тұлғалық қасиеттерін, әлемдегі бейбітшілікті сақтауға және тұрақтылықты қамтамасыз етуге қосқан зор үлесін атап өтті.
Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Дохада өткен кездесуде шейх Тәмим бен Хамад әл-Тәнимен стратегиялық серіктестік орнату жөнінде уағдаластыққа қол жеткізгенін, екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынасты нығайтуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айтты.