Фото: Ақорда
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Франция Президенті Эмманюэль Макрон Елисей сарайында мемлекеттік қабылдау ұйымдастырды. Іс-шарада екі елдің жоғары лауазымды тұлғалары мен іскер, мәдени, спорт, дипломатия саласындағы өкілдер бас қосты, деп хабарлайды Ult.kz.
Президент Тоқаев Франция басшысы мен оның зайыбы Бриджит Макронға қазақ делегациясын жылы қарсы алғандары үшін ризашылығын білдіріп, достық пен серіктестікке негізделген ықыластары үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, ол екі ел арасындағы мазмұнды келіссөздердің нәтижелерін жоғары бағалады.
Фото: Ақорда
Өзінің әлеуметтік парақшасында Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың ерекше маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанға көрсетілген ыстық ықыласқа тәнті болғанын жазды.
"Францияға мемлекеттік сапарым кезінде көрсетілген ыстық ықыласқа ерекше тәнті болдым. Мазмұнды келіссөздердің қорытындыларын жоғары бағалаймын. Маған және барша Қазақстан халқына білдірген құрметі үшін Президент Макронға шынайы алғысымды айтамын. Франция көшбасшысын келер жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырдым", – деп жазды Мемлекет басшысы өзінің Х әлеуметтік парақшасында.
Фото: Ақорда
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде өткен Қазақстан-Франция инвестициялық дөңгелек үстеліне қатысып, бірнеше бастама көтергенін жазған едік.
Сондай-ақ АЭС құрылысы мен көлік инфрақұрылымы туралы бірнеше келіссөздер жүргізілді.