11 сәу, 2025 сағат 15:19

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапарымен келді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы мен жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент әуежайының жаңа құрылысына барып, Қазақстанның оңтүстігінде авиациялық хаб қалыптастыру жоспарының таныстырылымына қатысты. Бұл жоба әуе қатынасының бағыт санын 17-ден 59-ға дейін арттыруға және Еуропа мен Азия елдеріне рейстер ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Президент стратегиялық маңызы зор Батыс Қытай – Батыс Еуропа көлік дәлізіне жақын орналасқан Almaar Logistics сауда-логистика орталығын аралады. Аумағы 24 мың шаршы метрді құрайтын кешен өнімді сақтау мен таратуда озық технологияларды қолдануға негізделген.

Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесін де көріп шықты. Былтыр қаладағы 50-ге жуық өңдеуші кәсіпорын 168,5 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Сондай-ақ, түркиялық және польшалық инвесторлардың жылыжай кешендерін салуға бағытталған ірі инвестициялық жобалары ұсынылды.

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы жаңадан ашылған Coca-Cola Içecek Kazakhstan зауытына барып, өндіріс барысымен танысты. Озық технологиялармен жабдықталған кәсіпорын жылына 283 миллион литрге дейін сусын шығара алады. Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің экономикалық өсіміне ықпал ететін ірі инвестициялық жобаларды қолдау қажеттігін атап өтті.

Шымкент қаласының тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жобалар аясында Президент «Shymkent City» саябағын аралап көрді. Аумағы 20 гектардан асатын саябақта демалу және мәдени іс-шаралар өткізуге барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 1 миллионнан астам ағаш отырғызу, 12 саябақты абаттандыру, Қошқар ата өзенінің жағалауын тазалау және Экопарк салу жұмыстары қолға алынған.

Фото: Ақорда

Президентке қоқыс өртеу зауытының жобасы да таныстырылды. Жоба тәулігіне 1 мың тоннаға дейінгі тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеп, электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Shymkent City» саябағында ағаш отырғызу арқылы қала экологиясын жақсартуға өз үлесін қосты.