Алаяқтық қылмыстардың көбеюіне қатысты азаматтар әділ наразылық білдіруде. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арналған Жолдауын жариялау кезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қылмыспен күрестің тәжірибелік мәселелерін назардан тыс қалдырмау керек. Алаяқтық қылмыстардың көбеюіне қатысты азаматтар әділ наразылық білдіруде», - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Бас прокуратура алаяқтық пен қаржы пирамидаларына қарсы іс-қимыл бойынша шаралар кешенін әзірлеу керек.
Сонымен қатар Президент балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа тосқауыл қою мәселесі ерекше бақылауда болуы керек екенін қадап айтты.
«Болашақ ұрпақтың амандығына есірткінің таралуы жағдайы қатты қатер келтіріп отыр, оның ішінде синтиетикалық есірткінің қаупі жоғары. Құқық қорғау органдарына осы есірткі атты пәленің ел халқы арасында таралуы жолына қатаң тосқауыл қою тапсырылады», - деді Тоқаев.