Фото: Akorda.kz
Президент HHLA компаниясының басқарма төрағасы Ангела Титцратпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
HHLA (Hamburger Hafen und Logistik) компаниясының басшысымен кездесу барысында Қазақстан мен Германияның көлік-логистика саласындағы ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы Германияның көлік және логистика саласын дамытуда аталған компанияның маңызды рөл атқаратынын айта келе, оның елімізде филиал ашу туралы шешімін құптады.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл саланың Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор екенін айтты. Өйткені еліміз Еуразиядағы басты транзит торабы ретінде өз позициясын күшейтуге ниетті.
Әңгімелесу барысында Қазақстан құрғақ және сұйық жүктерді тасымалдауға арналған жаңа танкерлер сатып алу, сондай-ақ Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық порттарын жаңғырту үшін қаржы тартуға мүдделі екені атап өтілді.
HHLA – жетекші еуропалық логистикалық компания. Кәсіпорын Гамбург, Одесса, Таллинн, Триест қалаларындағы теңіз порты терминалдарына, сондай-ақ олармен байланыстырылған Орталық және Шығыс Еуропадағы интермодальдық тораптар желісіне иелік етеді.