26 қыр, 2025 сағат 16:08

Президент: «Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома»

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйледі, деп хабарлайды Ult.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен технология барлық мемлекеттер үшін стратегиялық маңызы бар мәселе екеніне назар аударды.

"Дамыған елдер ғылымға да, технологияға да баса мән беріп жатыр. Заманның беталысын баршаңыз көріп отырсыздар. Жаһандық геосаяси ахуал тұрақсыз, құбылмалы, сын-қатерлер аз емес. Бірақ қытай халқының белгілі пайымдауына сенсек, дағдарыс кезінде жаңа мүмкіндіктер туады. Қазір – инвестицияның, ғылым мен жоғары технологияның уақыты. Бүгінде кез келген елдің әлемдегі орны ғылымның даму деңгейіне қарай анықталады. Экономикалық өсім ғылымға тікелей байланысты, бұл – аксиома. Түрлі мемлекеттер арасында технологиясы дамыған озық ел болу үшін күрес жүріп жатыр. Орталық Азиядағы бәсекелестік те күшеюде, бұл – түсінікті, заңды үрдіс. Сондықтан біз де осы салаға баса мән беруіміз керек, нақты нәтижелерге қол жеткізуіміз қажет", – деді Президент. 


Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында алдымызға айқын мақсат қойылғанын айтты. Соған сәйкес, Қазақстан алдағы үш жылдың ішінде цифрлық ел болуы керек, жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін жан-жақты пайдаланып, оны барлық салаға енгізу қажет.

"Бірнеше күн бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясындағы сөзімде еліміздің даму бағдарына арнайы тоқталдым. Сондай-ақ дүние жүзінде болып жатқан үдерістерге Қазақстанның көзқарасын білдірдім. Жаһан жұрты береке-бірлікте өмір сүру үшін өзара сыйластықты, теңдік пен ынтымақтастықты таңдауы қажет. Сонда ғана мемлекеттер арасында табысты қарым-қатынас орнайды. Осы айдың басында Қытайға ресми сапармен барғанымды білесіздер. Онда құны 15 миллиард доллар болатын 70 инвестициялық келісімге қол қойылды. АҚШ-қа сапарым кезінде әлемдік компаниялардың басшылығымен келіссөздер өткіздім. Оның ішінде Amazon, Meta сияқты жасанды интеллект және жоғары технология саласындағы ірі корпорациялар бар. Сондай-ақ қаржы-инвестиция саласындағы Goldman Sachs, Blackstone, Cerberus Capital Management, Citigroup корпорацияларының жетекшілерімен кездестім. Wabtec, PepsiCo және басқа да ірі компаниялармен коммерциялық келісімдер жасалды. Сапар аясында экономикамыздың басты салаларын қамтитын 11 келісімшартқа қол қойылды, жалпы құны 5,2 миллиард доллардан асады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 


Фото: Ақорда

Президент еліміздің келешегі жарқын болғанын қаласақ, жоғары технология мен жасанды интеллектіні қазірден бастап тиімді пайдалану керек екенін атап өтті.

"Сондықтан соңғы жылдары ұлттық ғылымды дамытуға айрықша көңіл бөліп жатырмыз. Бес жылда білім-ғылым саласына салынған инвестиция бес есе өсті. Зерттеу университеттері көбеюде, олардың өндіріспен байланысы нығайып келеді. Қазір 300-ге жуық коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» кешенді жүйесі орнығып жатыр. Бұл үрдіске күшті серпін беріп, оны таяу арада толығымен енгізу керек. Әлемнің 40 беделді жоғары оқу орнымен серіктестік орнаттық. Бүгінде елімізде 33 филиал ашылды. Технология парктері және инжиниринг орталықтары құрылуда. Ұлттық Ғылым академиясының беделі нығая түсетін болды. Әр аймақта Ғылым жөніндегі кеңестер жұмысқа кірісті.  Ғалымдардың мүддесін қорғауға баса мән беріп отырмыз. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды, ғылымды басқарудың жаңа құқықтық негізі қаланды. Ұлттық ғылымның кадрлық әлеуетін нығайту, бұл – аса маңызды, түйінді мәселе, оны басты назарда ұстау қажет. Жас ғалымдарға барынша жағдай жасала беруі керек. Жалпы, алда әлі де көп жұмыс бар, бұл жұмысқа бәріміз бірге жұмылып, бір ұжым болып, тиянақты қатысуымыз керек. Әйтпесе, күре жолдың шетінде қалып қоямыз", – деді Мемлекет басшысы.


Сондай-ақ ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің бүгінгі жиынында атом саласын дамыту мәселесі талқыланды.

Мемлекет басшысы көтерілген маңызды мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта ескерілетінін айтып, өз пікірін ортаға салған ғалымдарға ризашылығын білдірді.

"Елдің энергетикалық қауіпсіздігін және дербестігін қамтамасыз ету – стратегиялық міндет. Біз түрлі салаға озық технологияларды енгізіп жатырмыз. Ауқымды жобалар қолға алынуда. Оның бәрін табысты жүзеге асыру үшін электр энергиясы жеткілікті болуы қажет. Сондықтан біз қуат көздерін жан-жақты жаңғырту жұмыстарын бастадық. Ең бастысы, ядролық энергетиканы дамытуға бет бұрдық. Жалпыұлттық референдумда атом электр станциясын салу жөнінде шешім қабылдадық. Шын мәнінде, атом энергиясы – еліміз үшін өте маңызды, қажетті қуат көзі. Біз ғана емес, күллі жаһан жұрты осы саланы дамытуға мықтап кірісіп жатыр. Дүние жүзінде 416 атом реакторы жұмыс істеп тұр. Мысалы, АҚШ-та 94 ядролық реактор бар, бірақ өзінің уран өндірісі аз, сондықтан америкалық нарықтың 24 пайызын Қазақстан қамтамасыз етеді. Францияға қатысты жағдай да сондай іспетті, 50-ден астам ядролық реакторға Қазақстанда өндірілген уран қолданылады. Қазір 31 мемлекетте ядролық энергия өндіріледі. Бұл – әлемдегі әрбір алтыншы ел бейбіт атомның игілігін көріп отыр деген сөз. Тағы жиырмаға жуық мемлекет ядролық реактор салуды жоспарлап отыр. Біз осы салада озық технологиясы бар елдермен ынтымақтастыққа баса мән береміз", – деді Президент.