Қазақстан Президенті осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біз аса ауқымды тегеуріндер мен жаһандық сындардың заманында өмір сүріп жатырмыз. Біздің жинап қойған резервтер күрделі кезеңдерде пайдаға асуы тиіс. Осы резервтердің арқасында біз оңтүстік-шығыс дағдарысынан 1997 және 2001 жылдардағы қиын кезеңдерден өттік. Біз 2007-2009 жылдардағы дағдарыстан да аман өттік. Сол себепті, резервтер керек. Бірақ қажет болған жағдайда бірге ел игілігіне жарататын боламыз», - деді Президент «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезінде.
Нұрсұлтан Назабаев өз сөзінде қазіргі уақытта Қазақстан нарық заманда өмір сүріп жатқанын еске салды.
«Сол себепті, мемлекеттің басты міндеті - азаматтарға жұмыс тауып беру. Көмек мұқтаж санаттағы адамдарға беріліп, атаулы сипатқа ие болуы керек. Мен бұл мәселені жеке бақылауыма аламын. Партияластарды да бөлінген қаражатты әрбір отбасыға жеткізуде бақылауға көмектесуді сұраймын. Менің тапсырмам бойынша бүгінгі таңда азаматтарды алаңдататын мәселелелерді анықтады. Ол мәселелер - балаға бөлінетін жәрдемақы, көпбалалаы отбасылардың жағдайын жақсарту, баспанамен қамту. Партияның осы мәселелерді шешудегі маңызды үлесі - әлеуметтік саясатты үш бағыт бойынша жүзеге асыру болып табылады. Біріншіден, халықтың аз қамтылған бөлігінің кірісін арттыру және қолдау, екіншіден, кірісі төмен азаматтардың тұрғын үй мәселесін шешу және білім, денсаулық сақтау саласын жақсарту, үшіншісі аймақтарды кешенді түрде дамыту», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Президент қазіргі таңда қазақстандық отбасылардың жағдайын жақсартуға маңыз беру керектігін атап өтті.
«Осы жылдан бастап қаңтар айында базалық айлық мөлшерін бір жарым есеге өсірдік. Мұғалімдердің айлығын 30 пайызға, біліктілігін арттырған ұстаздарға 50 пайызға арттырдық. Демек, осы санаттағы азаматтардың кірісі айтарлықтай өсті. Бұл бағдармада бір миллион азаматтық қызметкерді қамтиды. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласындағы айлығы төмен қызметкерлердің жалақысын 30 пайызға арттыруды тапсырамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Еске сала кетсек, елордадағы Тәуелсіздік сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезі өткізілуде. Съезд күн тәртібінде бірнеше мәселені қарастыру көзделген. Атап айтқанда, алдымен «Нұр Отан» партиясының 2030 жылға дейінгі бағдарламасы туралы мәселе қозғалады. Одан кейін партияның Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар қарастырылып, партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есепті кезең бойынша жұмысының қорытындылары шығарылады. Сонымен қатар партия Саяси кеңесінің жəне Орталық бақылау-тексеру комиссиясының мүшелері сайланатын болады.
Съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысуда. Олардың 1200-і еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар, ал қалған 800-ге жуығы - қонақтар.