Ақордада өткен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың жұмысын жоғары бағалады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" BNews.kz-ке сілтеме жасап.
«Бүгiн айтылғандарды халыққа жеткiзiп, «Мiнеки, мемлекеттiң жағдайы осындай, күш-қуаты мынадай» деп түсiндiретiн болсақ, халықтың ризашылығына ие боламыз. Жалпы, барлық мәселе түсiндiруге келiп тiреледi. Прокурордың шешiмiмен (ҚР Бас прокуроры Жақып Асанов – автор ескертпесi) облыстарға барып, болып жатқан ахуалды, террористерге қатысты жағдайды түсiндiрген кезде, барлығы «осы екен ғой» деп шалқасынан түседi. Өте жақсы жұмыс істеп жатсың. Осыны әрi қарай жалғастыру керек», - дедi Президент.
Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келе, алда үлкен жұмыс күтiп тұрғанын тағы да атап өттi.
«Бүгiн тапсырмалар бердiм. Бүгiн-ертең Үкiметтiң құрамы жасақталып, тағайындалып, жұмысқа кiрiсетiн болады. Бiрiгiп, елiмiзге, халқымызға жұмыс iстейiк. Сәттiлiк тiлеймiн», - дедi Н.Назарбаев.
Айта кетейiк, бүгiн Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкiметтiң кеңейтiлген отырысы өттi. Жиында биылғы жылдың 8 айындағы елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының қорытындысы шығарылып, алдағы уақыттағы маңызды мақсат-мiндеттер айқындалды.