Бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев елорда маңында шұжық шығаратын заманауи зауыт салуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астананың төңірегінде шұжық шығаратын суперзауыт салыңыздар. Бұған дейін осындай тапсырма берілген болатын», - деді Президент.
Өз кезегінде Премьер-Министрдің орынбасары - Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев бұл зауыт биыл салынатынына уәде берді.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы импортталатын азық-түлік өнімдеріне қатысты сын айтты.
«Бізде азық-түлік өнімінің импорты ел ішінде бағаның өсуіне ықпал етеді. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің барлық түрін өндіреміз. Ішкі сұранысты қамтамасыз ету үшін әрбір тауар бойынша егжей-тегжейлі жұмыстар жүргізу керек. Өңделген етті сырттан тасымалдау деген не? Сүтті Беларусь елінен жеткізіп жатыр. Бізде жоқ өнімдер тасымалданса болады, ал елде бар өнімдер неге қажетті деңгейде шығарылмайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.