Фото: Akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Астана" халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Ренат Бектұровты қабылдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Президентке "Астана" халықаралық қаржы орталығының инновациялық қаржы өнімдері мен қызметтерді дамыту, еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттыру, сондай-ақ, АХҚО-ның жаңарған даму стратегиясы аясында негізгі бизнес-серіктестермен өзара байланыс жұмыстары туралы мәлімет берілді.
Мемлекет басшысына орнықты қаржыландыру құралдарының аясын одан әрі кеңейту және еліміздің көмірсутегі бейтараптығына жету мақсатын қаржыландыруды жүзеге асырудағы орталықтың рөлі жөнінде баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден инвестиция тарту үшін қажетті инфрақұрылым құрып, жағдай жасауда, сондай-ақ, қор нарығы мен ел экономикасын дамытуда АХҚО-ның маңызды роль атқаратынын айтты.
Кездесу соңында Президент орталықтың бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігіне, сондай-ақ, Транскаспий халықаралық көлік дәлізі секілді маңызды инфрақұрылым жобаларына ауқымды инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау керек екеніне назар аударды.