Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің жұмысына үнемі көңіл бөлмек. Бұл жайында Президент аталған технопарк жұмысын ресми іске қосу шарасы кезінде мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Көршілес алпауыт елдер ІТ-стартаптар саласында ілгері жылжып бара жатқанына тоқталған Президент «Атап айтқанда, бұл бағытта еліміз қалып қалмауы керек. Бүгінгі таныстырылым барысында аталып өткен мәліметтер адамды жігерлендіреді. Сондықтан осы жұмыстарды бақылауда ұстайтын боламын. Өткен жылы біз 100 жаңа есімге енген адамдарды қарсы алған болатынбыз, бүгінде олардың арасында өз арманын жүзеге асырғандар да бар. Биыл үлкен жетістіктерге қол жеткізген Қазақстанның 100 немесе 200 жаңа есімін анықтайтын боламыз», - деді.
Сонымен қатар ҚР Президенті жаңа технологиялар саласында еңбек етіп жүрген жастарға табыс тіледі.
«Бұл саладағы мамандардың барлығы - жастар. Қазақстанның жарты халқы 30-ға толмаған жастар. Болашақ - сіздердің қолдарыңызда. Бүгінгі бәсекелес заманда біздің еліміз өз Тәуелсіздігін сақтап, алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарында болуы үшін сіздер жақсылап жұмыс істеулеріңіз керек. Тек еңбекпен, біліммен ғана осы мақсатқа жетеміз. Сондықтан білім беру мен ғылым саласына жылдан жылға қаражатты бөлу көлемі артатын болады», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің жұмысын ресми іске қосу шарасы өтті.
Салтанатты шара барасында Президент 2019 жылдың 1 қаңтарынан Қазақстанда жаңа ІТ-университет жұмыс істейтінін мәлім етті.
Айта кетейік, Astana Hub миссиясы - ел экономикасын нығайту үшін стартап-мәдениетті дамыту және жоғары технологиялық жобаларды қолдау. Алдағы уақытта технопарк Қазақстан инновациясының экожүйесін дамытудың өзегі әрі локомотивіне айналып, технологиялық бизнесті дамыту үшін халықаралық деңгейде мойындалған хаб болуы қажет. Жалпы Astana Hub 2022 жылға қарай стартап-резиденттерді инвестициялау көрсеткішін 67 млрд теңгеге жеткізуді мақсат етіп отыр.