Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті театр және кино актері, режиссер Асанәлі Әшімовті 80 жылдық мерейтойымен құттықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазақстан Президенті мерейтой иесінің құрметіне Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы театрда жоғары деңгейде мерекелік шаралар өткенін атап өтті.
"Сіздің әріптестеріңіз, достарыңыз және басқа да зиялы қауым өкілдері қызметіңізге жоғары баға берді. Біз 40 жылдан бері таныспыз, осы уақыт бойы, әсіресе еліміздің тәуелсіздік алғандағы күрделі жылдарында мен әрдайым өзіңіздің қолдауыңызды сездім", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
"Теміртауда бір кездескеніміз есімде бар. 70-жылдардың бас жағында. Мен ол кезде зауытта парторг болып жұмыс істеуші едім. Одан қанша заман өтті. Тәуелсіз ел болдық. Тапырылыс шаруа ылғи. Сондықтан жалпы өзіміздің буынға, құрдастарыма, қатарластарыма, зиялы қауым болсын, ғалымдар болсын, барлығына ризамын. Қанша қиындықтан өттік. Түсінбейтін нәрселерді шештік. Бұрынғы қалыптасқан пікірді өзгерту керек болды. Дегенмен көпшілігі, барлығы тәуелсіздігімізді, елімізді қолдап келе жатыр. Барлығына ризамын. Соның ішінде бірінші қатарда сіз болып саналасыз", - деді Президент Әшімовке.