Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңес барысында әкімдікке қала құрылысының интерактивті картасын әзірлеуді ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Президент картаны әзірлеу жұмысы барынша ашық болуы қажеттігін, оған қоғамдық бақылаудың қажеттігін атап өтті.
Мемлекет басшысының сөзінше, құрылыс жүргізу үшін Қоғамдық кеңестің келісімі талап етілетін жерлер картада айқын белгіленуге тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы үлкен айналма күре жолын қаланың орталығымен байланыстыратын жолдар туралы пікірін айтты.
– 2021 жылы Абай даңғылын бөлуді аяқтау үшін республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа екі миллиард теңге мөлшерінде қосымша қаржы керек екені анықталып отыр. Барлық шығындарды бірден нақты жоспарлауға болмай ма? Әлде мұның басқа бір себептері бар ма? – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда» базары жанындағы жол айрығының құрылысын сынады.
- Бұл – әсіресе, қала іргесіндегі елді мекен тұрғындары үшін ең өзекті мәселенің бірі. Мұны жұртшылық қала әкіміне талай рет айтқан. «Алматы – Бішкек» тас жолының осы жерден өтетін бөлігі былтыр салынып бітуге тиіс болатын. Қажетті қаражат толық бөлінген. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы және Алматы облысының әкімдерімен бірлесе отырып, «Райымбек – Алматы» учаскесінің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.