08 қаң, 2020 сағат 11:17

Президент Әкімшілігі жеңілдікпен қалай баспана алуға болатынын түсіндірді

ҚР Президенті Әкімшілігі қоғамдық қабылдауының Telegram-дағы парақшасында қандай санаттағы азаматтар жеңілдікпен баспана ала алатындығын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Белгілі бір санаттағы азаматтарға жеңілдікпен баспана беру бүгінгі күні Қазақстандағы ең өзекті мәселелердің бірі болып тұр. Осыған қарай Өтініштерді бақылау бөлімі «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдаралмасының 2020-2025 жылдарға ұзартылғандығын хабарлайды. «Бірыңғай тұрғын үй саясатын жүзеге асыру» бірінші міндеті аясында баспана қолжетімділігі сатысы енгізіліп, онда айқындушы фактор халықтың кірісі болады», - делінген таратылған ақпаратта.

Өтініштерді бақылау бөлімінің мәліметінше, отбасы мүшесіне бір күнкөріс минимумына (29,7 мың теңге) дейін табысы бар кезекте тұрған азаматтарға (жетім балаларға, 1, 2-топтағы мүгедектерге, зейнеткерлерге және басқаларына) сатып алуға болмайтын жалдамалы баспана беріледі.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы отбасы мүшесіне екі күнкөріс минимумына (59,4 мың теңге) дейін табысы бар азаматтар (көпбалалы, толық емес және мүгедек балалары бар отбасылар) пәтер алуына мүмкіндігі бар.

Отбасы мүшесіне 3,1 күнкөріс минимумына (92 мың теңге) дейін табысы бар кезекте тұрғандар (әскери қызметшілер, бюджет және мемлекеттік қызметкерлер) «5-20-25» бағдарламасымен әкімдіктердің кредиттік баспанасына үміткер бола алады. Табысы 3,1 күнкөріс минимумынан жоғары азаматтар «7-20-25» бағдарламасына қатыса алады.

Ал табысы 5 күнкөріс минимумынан (148,5 мың теңге) жоғары азаматтар «Баспана-хит», «Орда» ҚИК, Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің «Өз үйім» нарықтық өнімдері арқылы бастапқы және қайталама пәтер сатып алуына мүмкіндік жасалған.

«Баспана алу ашықтығын қамтамасыз ету және бірыңғай жүйелі есепке алу үшін Тұрғын үй кезегінде тұрғандардың бірыңғай республикалық базасы енгізіледі. Аталған база кезекке тұрғандарға баспананың қолжетімділігін айқындау үшін қолданылады. Бұл мемлекеттік қолдаудың атаулығын және мемлекет қаражатын кәдеге жарату тиімділігін қамтамасыз етеді», - деп атап өтеді ҚР Президенті Әкімшілігінің қоғамдық қабылдауы.