26 қыр, 2025 сағат 16:24

Президент: Абай облысында АЭС салу перспективаларын ескере отырып, Курчатовта ғылыми қалашық құрылады

Фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында сөз сөйлеп, елдің ғылыми-инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар бастамаларды жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Президенттің айтуынша, қазір жер қойнауын игеруші компаниялар табысының бір пайызын ғылымды дамытуға бөліп отыр. Бұл қаражат салық ретінде емес, еліміздің технологиялық әлеуетін көтеруге қосылған үлес ретінде қарастырылуы тиіс.

– Үкімет осы қаражаттың бір орталықтан үнемді, тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз етуі керек. Атом саласын зерттейтін ғылыми қалашықтар құруға ерекше назар аудару қажет. Алматыдағы Ядролық физика институтының базасында көп мақсатты зерттеу реакторын салу мүмкіндігін қарастырған жөн. Жалпы, институттың әлеуеті жоғары. Еліміздің жаңа ғылыми қалашығын осы мекеменің негізінде құруға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Мемлекет басшысы Абай облысында АЭС салу перспективаларына байланысты Курчатовтағы ғылыми қалашықтың егжей-тегжейлі жоспарын әзірлеуді тапсырды. Бұл іске Ғылым академиясы, облыс әкімдігі және Ұлттық ядролық орталық қатысуы қажет.

Сонымен қатар ядролық инфрақұрылымды нығайту үшін мемлекет-жекеменшік серіктестігінің тиімді тетіктерін әзірлеу міндеті қойылды.

Президент өз сөзінде ядролық медицинаны дамытудың маңыздылығына да тоқталды.

– Озық ядролық технологияларды қолдану арқылы ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін едәуір арттыруға болады. Әсіресе, онкологиялық және жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде жаңа мүмкіндіктер ашылады. Үкіметтің міндеті – отандық радиофармацевтикалық препараттарды әзірлеу және оларды қолданысқа енгізу. Сондай-ақ жетекші клиникалар мен университеттер жанынан ядролық медицина орталықтарының желісін құру қажет, – деді Мемлекет басшысы.