17 там, 2023 сағат 20:33

Тоқаев 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы бойынша кеңес өткізді

Фото: Akorda.kz

«Ақорда» резиденциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын болжау және 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының мәселелері жөнінде жұмыс кеңесі өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Кеңеске Премьер-Министр, қаржы-экономикалық блокқа жауапты мемлекеттік органдардың және Ұлттық банктің, Жоғары аудиторлық палатаның басшылары қатысты.

Президентке әлемдік экономикадағы трендтер, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына жасалған болжамдар, сондай-ақ 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының параметрлері туралы мәлімет берілді.

Жиын барысында Мемлекет басшысы теңгерімді макроэкономикалық саясат жүргізу, мемлекеттің әлеуметтік салада қабылдаған барлық міндеттемелерін сақтау маңызды екеніне назар аударды.

Президент жоспарланған инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға, экономиканың нақты секторын қолдауға және дамытуға, жалпымемлекеттік шығындарға, соның ішінде қорғаныс және құқық қорғау жүйелерінің тиімділігін арттыруға бағытталған шығындарды толыққанды қаржыландыру қажет екенін атап өтті.

Кеңес қорытындысы бойынша Үкіметке бюджет процесіне бақылауды күшейту, макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және мемлекеттік органдардың қаржы жұмсау тәртібін жетілдіру жөнінде тапсырма берілді.