13 қар, 2018 сағат 12:50

Премьер-министр Үкімет мүшелеріне: Халықтың табысы неге төмен?

Еліміздің 2018 жылдың 10 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын қарастыру барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев министрліктер мен облыстардың әкімдерінің назарын халықтың нақты табысының өсіміне талдау жасау қажеттігіне аударды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бәрі сол «статистиканың мәліметі дұрыс емес» деген әңгімеге тіреледі. Болмаса, орташа жалақы жоғары дейсіздер. Халықтың нақты табысы төмен. Оған не себеп? Соған анализ керек. Бұл бірінші кезекте құзыретті органдар: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті жердегі әкімдіктердің жұмысы», - деді Үкімет басшысы.

Осы орайда премьер-министр келесі айда өтетін Үкімет отырысында аталған мәселе қайта қаралатынын жеткізді.

«11 айдың қорытындысы бойынша өтетін отырысқа барлықтарыңыз осы сұраққа жауап беруге дайын болыңыздар», - деді Бақытжан Сағынтаев.

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» жолдауында бірінші кезекте халықтың табысын арттыру міндетін қояды.

Отырыста айтылып өткен деректерге сәйкес, экономиканың түрлі салаларында көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, Премьер-Министр өңірлердегі халықтың нақты ақшалай табысының төменгі көрсеткіштерін атап өтті. Орын алған жағдайдың себептері мен жоспарланған шаралар туралы Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, Алматы қаласының әкімі Б. Байбек және Алматы облысы әкімінің орынбасары Л. Тұрлашов баяндады.

Баяндамаларды тыңдағаннан кейін, Б. Сағынтаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне, жергілікті атқарушы органдарға еліміздегі халықтың табысының төмен болуы бойынша қазіргі жағдайға талдау жасауды тапсырды. Халық табысының атаулы және нақты мәндердегі өсімінің көрсеткіштері арасындағы айырмашылық туралы сөз қозғалды.

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылғы қаңтар–тамызда халықтың жан басына шаққандағы ақшалай орташа кірісі 707,9 мың теңгені құрап, 2017 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы мәнде 10%, нақты мәнде 3,5% өсті. ІІ тоқсанда халықтың нақты кірісінің өсуі төрт өңірде орташа республикалық деңгейден (4,7%) жоғары екені байқалды.

Әлеуметтік-экономикалық даму туралы есептерді әзірлегенде бірінші кезекте халықтың табысының көрсеткіштеріне назар аудару тапсырылды, бұл орайда әкімдіктер статистикалық деректердің дұрыс еместігін немесе басқа да себептерді сылтау қылмауы тиіс. 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысының келесі қаралуы осы мәселеден басталуы керек.