© Photo: primeminister.kz
Премьер-министр Әлихан Смайылов Болат Назарбаевтың жаназасына не себепті барғанын түсіндірді, - деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бүгін сенатта өткен брифинг кезінде журналистер халықтың арасында талқыланған бір мәселені сұрады. Жақында Премьер-министр экс-президенттің інісі қайтыс болғанда жаназасына барған.
“Сонда жаназаға баруыңыз азаматтық ұстанымыңыз ба? Әлде хаттама бойынша жасалды ма?”, - деп сұрады тілшілер.
Үкімет басшысы қайтыс болған адамның туыстарына көңіл айту ата-бабамыздан қалған дәстүр екенін еске салды.
“Сондықтан мен Премьер-министр ретінде Тұңғыш Президентке көңіл айтуды жөн деп санадым.
Оның үстіне сол күні Алматы облысында іссапармен болдым. Үлкен, өте маңызды жобаны бастадық. Ол - Алматы қаласының айналма теміржол құрылысы. Бұл жоба еліміздің көлікті және транзиттік әлеуетін көтереді”, - деп атап көрсетті Смайылов.