18 ақп, 2022 сағат 14:40

Премьер-Министр: Азық-түлік бағасын тікелей Үкімет реттемеуі керек


ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елдегі әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын реттеуге қатысты мемлекеттік саясатты түсіндіріп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада өтіп жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының кезектен тыс ІХ съезінде халық жиі тұтынатын тауарлардың бағасын реттеу, тұрақтандыру мәселесі көтерілді. 

«Ұлттық палата мен бизнес халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсету керектігімен келіседі. Бірақ, азық-түліктің бағасын әкімшілік жолмен ұстау, мәселені шешудің оң жолы емес. Яғни бағаны реттеуде оны арзандата түсу қымбатшылық проблемасын шешпейді», - деді «Атамекен» ҰКП-ның басқарма мүшесі Ербол Өстеміров съезде сөйлеген сөзінде. 

Оның айтуынша, мұндай жағдайда кәсіпкерге бағаны түсіруден гөрі, тауарды өндіруден бас тарту оңайға түседі. 

«Бизнес қауымдастық әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тікелей реттеуден бас тартуды сұрайды. Бөлшек саудадағы баға нарық реттеуі тиіс», - дейді ол. 

Аталған мәселеге қатысты Үкімет басшысы Әлихан Смайылов пікір білдірді. 

«Мен келісемін, бағаны тікелей Үкімет реттемеуі керек. Бізде өткен жылы қабылданған заң бар. Оған сәйкес Үкімет сауда маржасының тек 15%-ға бақылау жүргізе алады. Біз тек сол заң нормаларының орындалуын бақылайтын боламыз», - деп жауап берді Премьер-Министр.