18 қазанда Чехия астанасы Прагада карантин шараларына қарсылық білдірген жүздеген футбол және хоккей жанкүйері полициямен қақтығысып қалды.
Жексенбі күні шамамен екі мың адам қала орталығындағы Старомест алаңына жиналған. Акцияға қатысушылар саны рұқсат етілген межеден асып түскендіктен қала билігі шараның ретсіз өтіп жатқанын хабарлаған. Бірақ полиция жиналғандарды таратпайтынын мәлімдеген.
Алайда акция аяқталған соң оған қатысушылар полиция шебін бұзып өтуге тырысты, полицейлерге тас, ауыр заттар лақтырған. Ал полиция су шашып, резеңке таяқ қолданған. Ондаған адам ұсталған, зардап шеккендер де бар.
Көшеде күш қолдануды премьер-министр мен оппозициялық саясаткерлер де айыптады.
Наразылар негізінен коронавирусқа байланысты Чехия үкіметі енгізген карантин шараларына қарсылық білдірген. Бұған қоса, футбол және хоккей біріншілігі бойынша өтетін матчтардың көрсетілмеуіне де наразы болған.
Елде мәдени орындар, бар, мейрамхана, мектептер жабылған. Бірақ адамдардың көшеде жүруіне шектеу енгізілмеген. Дүкендер мен сауда орындары істеп жатыр.
Чехияда қыркүйек айында коронавирус жұқтырғандар күрт көбейген. Шамамен 10,6 млн халқы бар Шығыс Еуропадағы мемлекет Covid-ке шалдыққандар саны бойынша әлемде алдыңғы орынға шыққан. Күн сайын шамамен 10 мың адамнан коронавирус табылады. Бұл Чехия халқының 0,1 пайызына тең. Билік бұл шаралар коронавирустың тарауын бәсеңдетеді деп санайды.