04 қаз, 2016 сағат 11:20

Пойызда телефон қуаттау үшін ақша сұрайтын жолсеріктер енді жұмыстан қуылады

Бас көлік прокуратурасы ескі-құсқы жайма мен микробқа толы вагондардағы сорақылықты әшкерелеген соң, «Қазақстан темір жолы» олқылықты түзетуге дереу кірісті. Жол ережесін шұғыл өзгертіп  жатқан теміржолшылар тіпті, жолсеріктерден жолаушылардың ұялы телефонын қуат көзіне тегін қосуды талап етіп жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.

Өйткені, «Тұлпар-тальгодан» бөлек пойыздардың барлығында тоқ көзі тек жолсеріктердің купелерінде бар. Ал олар жолаушылардан ақша сұрайтыны белгілі. Тіпті, вагон ішіндегі тазалықты сақтаудың орнына мұны бизнеске айналдырып алғандар көп. Сондықтан басы дауға қалған «Қазақстан темір жолы» енді пойыздарда бақылауды күшейтіп, тозығы шыққан ескі вагондарды жаппай жөндейміз деп сендіріп отыр. Ал, жолсеріктердің жолаушылардан ақша алғаны анықталса, бірден жұмыстан қуылмақ.

"Ұялы телефондар болсын, басқасы болсын оларды жолсеріктерге зарядтауға қатаң тыйым салынған. Өйткені, бұл қызмет жолаушыларға тегін болып келеді", - дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ вице-президенті Асылхан Қалдыкөзов.