22 шіл, 2020 сағат 09:35

Помпео: АҚШ Қытай ықпалына қарсы тұратын коалиция құрғысы келеді

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео осы аптада Еуропаға барған сапарында Вашингтон Қытай ықпалына қарсы тұратын халықаралық коалиция құрғысы келеді деп мәлімдеді. Мемлекеттік хатшы Пекинді пандемияны жеке мүддесіне пайдаланды деп айыптады. 

Помпео 21 шілдеде Лондонда Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон және сыртқы істер министрі Доминик Раабпен "ашық" келіссөз жүргізгеннен кейін осындай мәлімдеме жасаған. Вашингтон Пекинді коронавирус індеті туралы шындықты жасырды, адам құқығын бұзды және киберқарақшылықпен айналысты деп айыптап отырған кезде осындай ақпарат шығып отыр. 

Помпео мемлекеттерді "еркіндік пен демократияның қадірін түсініп, бағалауға" және Қытай тарапынан төнген қауіпті мойындауға шақырды. АҚШ мемлекеттік департаментінің басшысы британ премьерімен келіссөздердің "конструктивті" өткенін жеткізді. 

Тараптар өзге мәселелермен қатар Гонконгтегі жағдай, Қытай батысындағы Шыңжаңда адам құқығының бұзылуы, мобильді байланыс бойынша қытай технологиясының әлемге таралу мәселесін талқылаған.