19 ақп, 2021 сағат 09:01

Польша мен Германияда үздік деп танылған қазақстандық фильм прокатқа шықты

Қазақстандық режиссер Фархат Шәріповтың «18 килогерц» фильмі отандық кинопрокатқа шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«18 килогерц» фильмінің әлемдік тұсаукесері Варшава халықаралық кинофестивалінде өткен болатын. Онда кинокартина бас жүлдені жеңіп алды. 

Кейін фильм Котбуста (Германия) өткен 30-шы халықаралық кинофестивальнде үздік деп танылды. 

Фильм Зара Есенаманның «Хардкор» повесінің желісі бойынша түсірілген. Картинада 90-жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірі баяндалады.

«Аталған фильмді жарыққа шығаруға үш жыл кетті. Бұл оқиғаның жалғасы жоқ. Қазір біз осы тақырыпта тағы бір фильм түсіріп жатырмыз. Бұл жолы қазіргі заманның қыздарын көрсетеміз. Біз жасөспірімдер өмірінің назардан тыс қалатын тұстарын көрсетеміз», - дейді режиссер Фархат Шәріпов.

Фильм түсірілімі Алматыда өтті. Басты рольдерді үлкен кинода алғаш рет дебют жасаған жас актерлер сомдады, олар - Мұсахан Жұмахан, Әлібек Әдікен, Камила Фун-Со. 

«18 килогерц - ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Фильм жасөспірімдердің проблемаларына арналған. Өсе келе жыл сайын жастардың проблемасын түсіну күрделенеді, ол өзіміз жасөспірім кезімізде де шешілмейтіндей көрінетін. Жол таба алмай, шарасыз қалғанда сезілетін қорқыныш күшін еске түсіру қиын. Бұл фильм арқылы осының бәрін еске салғым келді», - дейді Шәріпов.

Айта кетейк, «18 килогерц» фильмі Азиядағы ең ірі кинофестивальде - Пусан халықаралық кинофестивалінің «Азия киносына терезе» атты конкурстық бағдарламасында да көрсетілді.