ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Алматы көшелеріндегі қарсылық шерулеріне қатысты 1200 шағым түскенін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Министр Дәурен Абаев сайлау кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтудің не үшін қажет болғанын түсіндірді.
«Сайлауға бір күн қалғанда бас прокуратура халықты жаппай жиындардан сақ болуға шақырған болатын. Ондай ескерту дауыс беру науқанының қалыпты жағдайда өтуі үшін жасалды. Ел үрейленіп сайлауға бармай қоюы мүмкін еді», - деді ол.
Оның айтуынша, Алматыдағы түнгі шерулер кезінде қала тұрғындары полициядан тыныштық орнатуды сұраған.
«Алматыда түнде жастардан құралған колонна қоғамдық тәртіпті бұзды. Сол аудандардың тұрғындарынан ІІМ колл орталығына ғана 1200 шағым түскен. Олар көшеге шығушыларды тыныштандыруды сұраған. Смартфоннан қарап биік сөздер айту оңай. Ал болып жатқан жағдайды өз үйіңнің терезесінен көру мүлде бөлек. Шындығын айтқанда, талай адам қорқып қалды. Полицияның артық кеткен кезі де болған шығар. Бірақ олар қоғамдық тәртіпті сақтай алды. Күш көрсетулерге жол бермей, оның жаппай таралуын болдырмады», - деді Дәурен Абаев.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі бұл тұрғыда шетелдік байқаушының айтқан сөзін еске алды.
«Еуропалық байқаушылардың бірі Қазақстанға қарсылық білдіру және оны қабылдау мәдениетін көтеретін кез жетті, деген пікір айтты. Өте дұрыс пікір. Қасым-Жомарт Кемелұлының кешегі мәлімдемесі соның бастауы деп ойлаймын», - деді ол.
Дәурен Абаев жаңа Президенттің ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзіне де тоқталды.
«Президент экономикадан бастап саясатқа дейін әрбір қазақстандықты алаңдататын мәселелерді қозғады. Бізге реформалар қажет. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы соның басты қадамдарының бірі болмақ. Бұл орган маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде пікірлер алуандығын қамтамасыз ететініне сенімдімін. Жалпы алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеше айтқан тапсырмалары бізді біріктіретін басты фактор болуы тиіс. Тұңғыш Президентіміздің сөзі бар. «Қазақты сырттан жау алған емес.
Қазақты әлсіресе алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірлікпен күшейген». Осы сөзді ұмытпайық», - деді ведомство басшысы.