18 сәу, 2022 сағат 15:39

Полицияданмын деп хабарласатын алаяқтар көбейді – ІІМ


Қазақстанда полиция қызметкерімін деп жалған нөмірден хабарласып, алаяқтық әрекет жасайтындардың қатары өсіп барады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды жаңадан пайда болған алаяқтық әрекет туралы ескертеді. Соңғы уақытта полиция және басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерімін деп жалған нөмірден хабарласатын алаяқтар көбейіп барады. Мысалы, алаяқ өзін тергеушімін деп таныстырып, онлайн несие рәсімдеуге қатысты полицияға зардап шегушілердің шағым жасап жатқанын айтады. Артынша ол адамнан жеке мәліметтерді сұрай бастайды. Ондағы мақсат – клиенттің ЖСН, банк картасы мен есепшотына қол жеткізу. Одан әрі алаяқтық әрекет жасайды», - деді Шұғыла Тұрлыбай министрлікте өткен баспасөз мәслихатында. 

Министрлік өкілі полиция қызметкерлерінің азаматтардан жеке мәліметтер мен банк есепшотына қатысты деректі сұрамайтынын ескертеді. 

«Егер сізге бейтаныс адам хабарласып, өзін полиция немесе банк қызметкерімін деп таныстырып жеке мәліметтеріңізді сұраса дереу шара қабылдауды сұраймыз. Сонымен қатар банк картасы мен есепшоттың құпиясөзін өзіңізден басқа ешкім білмегені жөн. Сол сияқты бөгде адамға жеке мәліметтерді таратпаған абзал», - дейді ол.