21 там, 2020 сағат 10:47

Полиция карантин кезінде Төреғали Төреәлінің отбасында болған той ұйымдастырушыларын анықтады

Желіде танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің қарындасы Фариза Төреәлінің үйлену тойынан видеолар пайда болды. Полиция ұйымдастырушыларды анықтады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Фариза Төреәлі былтыр спортшы Дархан Нортаевтың үйлену туралы ұсынысын қабылдаған болатын. Осы жылдың мамырында мұсылманша неке қию рәсімі өтті. Кейін той карантинге байланысты кейінге қалғаны хабарланған.

Қыздың Instagram-дағы парақшасында жариялаған видео, суреттеріне қарағанда жұп карантинның түпкілікті әлсіреуін күтпей, той жасаған сыңайлы. 

Бейнежазбаларға Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілі түсінік берді.

"Кеше Алмалы ауданының жергілікті полиция қызметкерлері ұйымдастырушыларды анықтады. Барлық материал жиналып, шешім қабылдау үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау департаментінің санинспекторларына тапсырылды. Юрисдикцияға сәйкес олар хаттама толтыруға құқылы", - деді Алматы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Еске салайық, соңғы тәулікте Қазақстанда коронавирусқа ұқсас пневмония мен коронавирустан 26 адам қайтыс болды.