04 қыр, 2019 сағат 13:32

Полицейлер алатаяқты қай кезде қолдана алмайды – министр жауабы

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев полицейлерге алатаяқты қайтаруға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министр алатаяқ тек жол қозғалысын реттеу үшін қолданылатынын атап өтті.

"Жол апаты кезінде, жол нашар көрінгенде, бағдаршам істен шыққанда, жөндеу жұмыстары кезінде көлікке бағыт-бағдар берген кезде, үлкен делегациялардың колонналарын алып жүру үшін қолданылады. Басқа мақсатта алатаяқты қолдануға тыйым салынған", - деді Тұрғымбаев мәжіліс кулуарында.

Айтуынша, қазір жолда көлік ағыны көп болғандықтан, олар үш-төрт қатармен жүреді. Осы кезде инспектор ала таяқпен көлікті тоқтатқан кезде, бұл жол қозғалысы қатысушылары үшін де, инспектордың өзі үшін де қауіпті.

"Сондықтан біз бұлай тоқтатуға тыйым салдық. Қазір бүкіл жерде бейнебақылау жүйесі бар. Әр автокөлікте камера орнатылған. Кез келген заң бұзушылық тіркеледі. Сол себепті жол бойында алатаяқпен тұрып, тоқтатуға қажеттілік жоқ", - деді ІІМ басшысы.

Тұрғымбаев инспекторларға тәуліктің қараңғы уақытында және тұман кезінде алатаяқсыз жұмыс істеу қиынға соққанын жеткізді. Тіпті, 5 қызметкер бағдаршам істен шыққан кезде, жол қозғалысын реттеп жатып дене жарақатын алған.

"Әрине, бұл инспектордың өмірі үшін қауіпті. Әрі жол қозғалысының қатысушылары үшін де түсініксіз жағдай", - деді ол.

Айтуынша, қазіргі таңда жаңа алатаяқтар сатып алуға өтінім түспеген. Ал бұрынғы алатаяқтардың барлығы осы уақыт бойы қоймада сақталыпты.

Ішкі істер министрлігі 1 қыркүйектен бастап жол қозғалысын реттеу үшін алатаяқты қолдануға көшкен еді.