19 қыр, 2020 сағат 13:10

Пневмониямен ауырған науқастардың өкпесі қанша уақытта қалыпқа келеді - маман пікірі

Коронавирус пневмониясымен ауырған науқастардың өкпесі толық қалыпқа келуі үшін 3 айдан 6 айға дейін уақыт керек. Бұл туралы медицина ғылымдарының кандидаты, пульмонолог Алексей Пак мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирустық пневмониямен ауырып, сауыққан адамдар компьютерлік томографиядан өткенде, өкпесінің толық жақсармағанын көреді. Сондықтан олар үрейге бой алдырып, алаңдап, қайтадан ем алуды жалғастырып жатады. Ал шын мәнінде ол науқастар денсаулық жағдайының жақсы екенін сезінеді. Бұл мәселе медицина мамандарының халықты дұрыс ақпаратпен қамтамасыз етпеуінен туындап отыр. Пневмониядан зақым келген өкпенің толық орны бітіп кетуі үшін 3 айдан 6 айға дейін уақыт керек. Кейбір жағдайда өкпедегі өзгеріс өмір бойына сақталуы мүмкін. Сондықтан компьютерлік томография олардың тыныс алу органында дерт бар деп көрсетеді. Бұл адам ауруынан әлі айықпаған дегенді білдірмейді», - деді пульмонолог-дәрігер Алексей Пак. 

Сондай-ақ, Алексей Пак пневмонияны коронавирус инфекциясынан бөліп қарастыру мәселесі туралы пікір білдірді. 

«Қазір бұқара арасында коронавирус инфекциясын және пневмония ауруын екіге бөліп қарастыру туралы жаңсақ пікір қалыптасты. Бұл мүлдем ақылға қонбайтын дүние. Пневмонияның тек бактериялық түрі бар. Оған адамдар өте аз шалдығады. Бүгінгі жағдайда пневмонияның бактериялық емес, инфекциялық түрі өршіді. Ол коронавирустың аса ауыр асқынған түрі. Жаппай індет тарағанша, мен күніне бактериядан өкпесі зақымданған 5-6 науқасты қарайтын едім. Ал дерт өршігенде, бір күнде 600 адамды тексерістен өткіздім. Пневмонияға шалдыққан науқастар коронавирустық инфекциямен ауыратындар. COVID -19 анықтайтын әдіс-тәсілдер әртүрлі. Мәселен, індет ПЦР талдамасы арқылы анықталмай, бірақ компьютерлік томография тексеруі бойынша өкпенің зақымданғаны көрсетіледі. Бұл сіз коронавирус жұқтырдыңыз дегенді білдіреді», - деп атап өтті Ұлттық ғылыми медициналық орталығының пульмонолог-дәрігері Алексей Пак.