25 қаң, 2022 сағат 18:03

Pfizer вакцинасы неліктен ақылы түрде салынбайды – Маман жауабы


ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова Pfizer вакцинасы неліктен ақылы түрде салынбайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ұзақ уақыт бойы Pfizer вакцинасын жеткізуші компаниямен препаратты ақылы негізде жеткізу мәселесін пысықтап келді. Өкінішке қарай, компания иммундауға арналған вакцинаны ақылы негізде жеткізуден бас тартты деп айтуға болады, өйткені қазір бұл препаратқа жаһандық көлемде сұраныс бар. Өздерің көріп отырғандай, барлық елдерде вакциналаудан бөлек, ревакциналау жұмыстары, тіпті оның екінші компонентін егу басталды», - деді  Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Тиісінше, вакцинаға деген сұраныс әрдайым артып келеді және компания қазір бірінші кезекте үкіметпен жұмыс істейді – яғни Pfizer коммерциялық сату үшін препарат жеткізбейді. 

«Біз үшін, Денсаулық сақтау министрлігі ретінде, вакцина алған адамдардың неғұрлым көп болғаны керек, олардың ақылы немесе ақысыз екпе алғаны маңызды емес. Біздің мақсатымыз – вакциналаумен қамтуды барынша арттыру. Сондықтан Pfizer-мен келіссөздер ұзақ уақыт жүргізілді, біз вакцинаның қосымша көлемін Қазақстанға ақылы негізде сату үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырыстық. Бірақ, өкінішке қарай, бұл компанияның ұстанымы – коммерциялық негізде жеткізу мүмкін емес», - деді Айжан Есмағамбетова.