ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов «Америкалық Pfizer вакцинасы Қазақстанға қолжетімді бола ма?» деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Pfizer вакцинасы қазақстандықтарға екінші жартыжылдықтан кейін қолжетімді болуы мүмкін. Pfizer компаниясымен алдын ала уағдаластықтар бар, меморандум бекітілген, егжей-тегжейлі сұрақтар келіссөздер деңгейінде. Бір айта кетерлігі, өздеріңіз жаңалықтардан байқағандай, Pfizer вакциналары жетпей жатыр, компанияның өзге елдер алдындағы міндеттемелері әлі шешілмеген мәселе болып тұр. Ол вакцина -70 градуста сақталуы керек, барлық тетіктері әлі талқыланады», - деді Ерлан Қиясов №6 қалалық емханада тілшілерге берген сұхбатында.
Бас санитар дәрігер өз сөзінде уақыт жоғалтып алмауды айрықша атап өтті.
«Дәл қазір уақыттың бізді күтпейтінін түсіну керек, сондықтан қолда бар мүмкіндікті пайдалану керек. Барынша көп адамды қамту үшін бұл науқанды барынша ертерек бастаған жөн», - дейді Қиясов.
Айта кетейік, бүгін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтыру және тарату тәуекелі жоғары санаттарды коронавирусқа қарсы вакциналау басталды.
Елордадағы №6 қалалық емханада ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды.
Қазақстанда 1 ақпанда медицина қызметкерлеріне ресейлік коронавирусқа қарсы "Спутник V" вакцинасы салына бастады. Алғашқы кезеңде инфекциялық ауруханалар, жедел жәрдемде жұмыс істейтін медқызметкерлер, санэпидқызметкерлерге дәрі егіледі.
Наурызда мектеп мұғалімдері мен университет оқытушыларына, ведомстволық медицина мекемелері өкілдеріне; сәуірден бастап мектеп-интернат, мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері, студенттер мен созылмалы ауруы бар азаматтарға вакцина салынбақ.
Министрліктің айтуынша, жыл соңына дейін 6 миллион адамға вакцина салу жоспарланған. Соның ішінде жылдың бірінші жартысында 2 миллион кісіге екпе салынбақ. Айларға бөлгенде: ақпанда – 100 мың, наурызда – 150 мың, сәуірде – 600 мың адамды қамту жоспарланған.