14 қаз, 2021 сағат 19:10

Петропавлдағы көңіл-көтеру орны жанында тапаншадан оқ атқан жігіт ұсталды


Петропавлда көңіл-көтеру орны маңында тапанша атқан 23 жастағы жігіт ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 3 қазанға қараған түні Петропавл қалалық полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының көңіл-көтеру орындарының бірінің маңында пневматикалық тапаншаның атылғаны туралы хабарлама түскен.

Куәгерлердің айтуынша, мастықтан туған жанжал барысында жас жігіт екі рет аспанға, кейін бір рет адамның кеудесіне атқан. Шақырту бойынша келген полицейлер 23 жастағы күдіктіні ұстады. 

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 3-бөлігі «Бұзақылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тәркіленген калибрі 4,5 мм, «МР» пневматикалық тапанша баллистикалық сараптамаға жіберілді. Жәбірленуші сот-медициналық сараптама өткізуден бас тартты. 

«Егер адамға қарсы пневматикалық қаруды қолдану туралы хабарлама расталмаса, қару иесі қала шегінде пневматикалық қарудан атқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылуы мүмкін. Ал атыс қаруын, газды қаруды, пышақты, кастеттi және өзге де суық қаруды қолданып немесе қолдануға тырысып жасалған бұзақылық үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасын көздейтінін еске саламыз», - дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллин.