ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Семейге республикалық қала мәртебесін беру мәселесін көтерді.
Осы орайда ол Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгінгі күні Абай жері Семей өңірінде бірқатар шаралар қолға алынды. Семей қаласы мен аймағын көтеруге бұрын соңды болмаған қомақты қаражат бөлініп, гүлденуіне күш жұмсалуда. Әрине, халық та Семей қаласының өсуіне, өркендеуіне қуануда. Өйткені Семей қаласының географиялық орны, экономикалық деңгейі, саяси мұрасы оған әбден лайық», - деп тоқталды депутат.
А. Перуашев өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ежелгі Түркістан қаласы облыс орталығына айналып, ал Шымкент шаһарына республикалық дәреже берілгенін еске салды. Бұл тарихи шешім Түркістан аймағын бүкіл түркі әлемінің ордасы ретінде қайтадан нығайтуға жол ашты. Шымкент өз мәртебесін түсірмей, еліміздің бетке ұстар қалаларының бірі ретінде ары қарай дамуда.
«Осы орайда кер заманда қазақтың рухын көтерген, қазақтың дауысын жеткізіп, иісін танытқан Абай рухының ордасы - Семей қаласына да тиісті мәртебесін беру орынды деп санаймыз. Құрметті Асқар Ұзақбайұлы, Әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы Заңының үшінші бабына сәйкес, республикалық маңызы бар қалалар қатарына халқының саны 1 миллион адамнан асатын елді мекендер немесе ерекше мемлекеттік маңызы бар қалалар жатады. Біздің ойымызша, Семей қаласы дәл осы ерекше мемлекеттік маңызы бар қала. Сондықтан оған республикалық мәртебе беру жөнінде Мемлекет басшысына ұсыныс енгізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймыз», - деді Азат Перуашев.