08 сәу, 2017 сағат 11:02

Пентагон: Сирияның 20 ұшағы мен зениттік кешені жойылды

АҚШ зымыран соққысын жасаған Сирияның "Шайрат" әскери әуе базасы. 7 сәуір 2017 жыл.

АҚШ қорғаныс министрлігі Сирияның «Шайрат» әскери әуе базасына зымыран соққысы содан бірнеше күн бұрын Хан-Шейхун қаласына химиялық оқ-дәрі тастаған ұшақтар сол базада орналасқандықтан және әскери аэродром аумағында бұрын химиялық қару сақталғандықтан жасалды деп мәлімдеген.

Пентагонның дерегі бойынша, АҚШ күштерінің соққысы нәтижесінде әскери базадағы 20-ға жуық ұшақ, зениттік зымыран кешендері мен әскери ұшақтар тұрақтары жойылған. Сонымен бірге, ішінде химиялық улы заттар болуы ықтимал нысандарға соққы жасалмаған.

АҚШ жұма күні Сирияның "Шайрат" әскери әуе базасына 59 "Томогавк" қанатты зымыран атқан. Ақ үй бұл соққы содан үш күн бұрын Сирияның Хан-Шейхун қаласындағы бейбіт тұрғындарға жасалған химиялық шабуылға жауап деп мәлімдеген. Ол шабуыл салдарынан газдан уланып қаза тапқан 80-нен аса адамның арасында балалар бар деген ақпарат тараған.

Дамаск химиялық шабуыл туралы айыптауды жоққа шығарып, "әуе соққысы кезінде оппозицияның химиялық қару-жарақ қоры сақталған қоймаға бомба түскен" деп санайды. Башар Асад үкіметін қолдайтын Ресей де осындай болжам айтқан.

Азаттық