13 қаң, 2021 сағат 07:02

Пенс Трампты ығыстырудан бас тартты, демократтар импичментке дайындалып жатыр

АҚШ конгресінің өкілдер палатасы президент Дональд Трампқа "Капитолийдегі тәртіпсіздік үшін" импичмент жариялауға дайындалып жатыр. 

Вице-президент Майк Пенстің АҚШ Конституциясындағы 25-түзетуді пайдаланып, Трампты ығыстырып, мемлекет басшысы міндетін уақытша алуға құқығы бар. Бірақ 12 қаңтарда Пенс бұлай істеуден бас тартты.

Осыған дейін өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси егер вице-президент Трампты ығыстырудан бас тартса, 13 қаңтарда өкілдер палатасы президентке импичмент жариялауды дауысқа салады деп мәлімдеген.

“Президенттің өкілетінің аяқталуына 8 күн қалған кезде сіз бен демократтар фракциясы үкімет және менен 25-түзетуді пайдалануды сұрап отырсыздар. Бұл ұлтымыздың мүддесіне сай және Конституцияға сәйкес нәрсе деп ойламаймын” делінген Пенстің демократтарға арнап жазған хатында. 

Ал 12 қаңтарда Капитолийдегі тәртіпсіздіктен кейін алғаш рет журналистер алдына шыққан президент Дональд Трамп демократтар жоспарын айыптап, бұл көптеген азаматтардың ашуына тиеді деп мәлімдеді.

Президент 6 қаңтар күнгі Капитолийдегі тәртіпсіздікке қатысы жоғын айтады. Бірақ Трамп қатысқан митингіден кейін оған қатысушылар Капитолий ғимаратына басып кіріп, Джо Байденнің жеңісін мақұлдамақ болған конгрестің жиынын бұзған еді. Трамп митингіде жақтастарын күш қолдануға шақырмағанын айтады. Ол әлеуметтік желілердің аккаунтын бұғаттап тастағанын айыптай сөйледі.

Трампқа алғаш рет 2019 жылдың аяғында импичмент жарияланған. Ол кезде президент "өкілетін асыра пайдаланды" деп айыпталды. Сенатта көпшілік болып отырған республикашылдар оны ақтап шығып, ізінше Трамп өкілетін жалғастыра берген. Бір жыл ішінде президентке екі рет импичмент жариялау АҚШ тарихында бұрын-соңды болмаған.