18 қар, 2018 сағат 00:30

Педагогтардың мәртебесiн арттырды

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттерін саралаған Жолдауын теледидардан сол күні толық тыңдадым.

Жолдауда барлық әлеуметтік саланы қамтыған міндеттер ашық айтылды. Сонымен бірге орындалмай жатқан тапсырмалар, кемшіліктер де ашына айтылды. Нұрсұлтан Әбішұлының ең алдымен қарапайым халықтың жағдайын терең ойлайтын көреген басшы екенін атап көрсеткім келеді. Себебі, жастардың тұрғын үймен қамтылуы, олардың алғашқы жарна сомасын мемлекет есебінен жеңілдікпен төлеуіне барлық әкімдерді міндеттеуі – баспана алуға қол жеткізе алмай жүрген миллиондаған жастардың үміттеріне сәуле шашып отыр.

Мамандығым мұғалім болғандықтан, Елбасының білім саласы туралы айтқан әрбір сөйлеміне мұқият назар аудардым. «Педагогтардың мәртебесі туралы» заң шығару жөнінде Президенттің айтқан сөзі шәкірт тәрбиелеп жүрген әрбір жанды толқытып тастады десем, артық айтқандық емес. Бұрыннан бері айтылып-айтылып, сол айтылған жерде қалып кететін мұғалімдерді сайлауға жегу, залды толтыру үшін жиындарға еріксіз апару, басқа да толып жатқан қоғамдық жұмыстарды мойындарына артып қою секілді шаруаларды ендігі жерде Елбасының өзі тоқтатпақ. Ұстаздар мұнан былайғы уақытта тек шәкірт тәрбиелеумен айналыспақ. Мұғалімдердің мәртебесін арттыру мәселесі көптен бері қозғалып жүргенімен, ешқандай нәтиже шығып жатқан жоқ еді. Енді мұғалім мамандығының ең бір құрметті мамандыққа айналуы үшін арнайы заң өмірге келетін болды.

Мемлекет басшысы айтқан бұл ақжолтай хабар мұғалімдерді серпілтті десек жаңылыспаймыз.

Роза ЖҮНІСҚҰЛОВА,

«Жаушықұм» мектеп-лицейінің директоры,

аудандық мәслихаттың депутаты.

Шардара ауданы.