«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы мұғалімдердің абыройын арттыруға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін аталған заң жобасы талқыланған Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елімізде тұңғыш рет дайындалған заң жобасы мұғалімдердің беделін, абыройын арттыруға үлкен мүмкіндік береді. Ең негізгісі оларды қосымша жұмысқа ынталандыратын болады. Министр Асхат Қанатұлы (Білім министрі Аймағамбетов) айтқандай, бұл заң жобасы елімізде қызу талқыланды. Оның үстіне Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан тамыз кеңесінде де үлкен қолдау тапты. Жалпы, болжам бойынша осы заң жобасы ең кемінде елімізде 500 мыңға жуық ұстаздың мүддесін қорғайды», - деді Бердібек Сапарбаев.
Сонымен қатар ол «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қаржымен толық қамтамасыз етілгенін айтты.
«Үш жылға 930 млрд теңгеге жуық қаржы қаралған. 50 жылдың ішінде алғаш рет мұғалімдерге тәлімгерлігі үшін, магистр атағы үшін қосымша ақы төленетін болады. Енді министрліктің негізгі міндеті - осы заң жобасын дер кезінде Парламентте қорғап, тезірек жүзеге асуын қамтамасыз ету. Заң қабылданғаннан кейін мәнін, мақсатын халыққа түсіндіріп айтуымыз керек», - деді Үкімет басшысының орынбасары.