12 ақп, 2021 сағат 15:23

Пайдалы қазбалар қоры өсті – Экология министрлігі

Геологиялық барлау аясында 2020 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 20 кен орны қойылды. Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің алқа мәжілісінде осы ведомствоның вице-министрі Серікқали Брекешев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Жер қойнауын пайдаланушылардың геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде 2020 жылы алғаш рет мемлекеттік балансқа 20 кен орны қойылды. Соның ішінде қатты пайдалы қазбалар – 9, көмірсутек шикізаты – 6, жер асты сулары – 5», - деді вице-министр. 

Ол 2020 жылы пайдалы қазбалар қорының өскенін мәлім етті. Атап айтқанда, 111,5 тонна алтын, 55,4 мың тонна уран, 13,8 млн тонна темір кені және 31,7 млн тонна мұнай. 

«Жер қойнауын және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті іске асыру үшін жер қойнауын геологиялық зерттеуге 22 лицензия, сондай-ақ жер қойнауы кеңестігін пайдалануға екі лицензия берілді», - деді С. Брекешев. 

Оның айтуынша, жер қойнауының мемлекеттік қорын басқару бағдарламасын қалыптастыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүзеге асырылды. Қатты пайдалы қазбаларды, кең таралған қазбаларды және көмірсутек шикізатын барлауға әрі өндіруге 597 нысан енгізілген.