10 жел, 2025 сағат 10:32

Павлодарлық кәсіпкерді өлтірген күдікті Ресейден экстрадицияланды

Фото: ашық дереккөз

Павлодарлық кәсіпкерді асқан қатыгездікпен өлтірді деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Ресей Федерациясынан елге экстрадицияланды. Бұл ақпаратты ҚР Бас прокуратурасы мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.

Ресми дерекке сәйкес, биыл 21 ақпанда кәсіпкер жұмысқа шығып кетіп, сол күйі байланысқа шықпаған. Жақындары оның хабар-ошарсыз жоғалуына байланысты полицияға шағымданған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында марқұм сол күні Павлодарда күдіктімен оның үйінің ауласында кездескені анықталды. Тергеушілердің мәліметінше, екеуінің арасында қаржылық дауға байланысты жанжал шығып, күдікті кәсіпкердің беті мен кеудесіне 22 рет пышақ сұққан. Жәбірленуші сол жерде қаза тапқан.

Қылмыстың ізін жасырмақ болған күдікті марқұмның денесін және автокөлігін өзінің гаражына жасырып, кейін Қазақстан аумағынан жасырын шығып кеткен.

Биыл наурыз айында ол Ресей аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында қамауда.

Оған тағылған айып бойынша 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.