02 мам, 2019 сағат 21:14

Павлодарлық бойжеткен «Қазақстан аруы» атанды (Фото, видео)

Нұр-Сұлтанда еліміздің ең сұлу қызы таңдалды. "Қазақстан аруы 2019" титулын павлодарлық Мәдина Батық жеңіп алды, деп хабарлады Sputnik Қазақстан тілшісі.

Сұлулық байқауының финалы бүгін, 2 мамырда Nomad City Hall концерт залында өтті.

Конкурс барысында жеңімпазға қымбат бағалы тастармен, інжумен безендірілген тәж кигізіліп, үш миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық тапсырылды. Сондай-ақ бойжеткен жоғары сапалы брендтермен көптеген жарнамалық келісімшарт, Парижге жолдама және еліміздің атынан "Әлем ару" байқауына қатысуға мүмкіндік алды.  

Айта кетейік, конкурс ашық болуы үшін әділ-қазылар бес финалисті іріктеп алды, ал елдің бірінші аруын онлайн және sms-дауыс беру арқылы қазақстандықтардың өздері таңдады.

Сонымен бестікке Диана Әбішева (Алматы), Сәния Мірғалиева (Нұр-Сұлтан), Мәдина Батық (Павлодар), Надежда Недосекова (Семей), Балжанат Анас (Шымкент) енді. 

Халықтық дауыс беру қорытындысы бойынша Диана Әбішева бірінші вице-мисс атанды. Екінші вице-мисс титулын Надежда Недосекова иеленсе, үшінші вице-мисс титулы Сәния Мірғалиеваға бұйырды.