«Daimler Benz» көлігінің 23 жастағы жүргізушісіне қатысты екі бап бойынша іс қозғалды. Оған айыппұл салынып, көлігі айып тұрағына қойылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«26 наурыз күні сағат 15.00-де Павлодар қаласында жүргізуші көлігімен Ломов көшесіндегі 154/4 үйдің ауласында жүріп келе жатып, онда кәмелет жасына жетпеген жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Жүргізуші оқиға орнынан ізін суытты», - деп баяндады Павлодар облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов.
Оның айтуынша, жаяу жүргінші ауруханаға медициналық көмек сұрап келген.
Оның денсаулығына келген зиян ауырлығының деңгейін анықтау үшін сот-медициналық сараптама тағайындалды.
Аймақтық ПД баспасөз қызметінен полиция қызметкерлерінің жақын маңдағы үйлер мен кіреберістерде орнатылған бейнетаспа жазбаларын қарап шыққанын, оқиға орнынан кетіп қалған жүргізушіні табу үшін іздеу шараларын өткізгенін қосып өтті.
«28 наурызда полиция жүргізуші мен «Daimler Benz» көлігін анықтады. 23 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 610, 611 баптары бойынша әкімшілік іс қозғалды, айыппұл салынды. Көлік айып тұрағына қойылды», - деді Қуаныш Мұстафинов.