Фото: ашық дереккөз
Павлодар соты қоныс аударушы хирургтың құқығын қорғап, квотаға енгізуді міндеттеді деп хабарлайды Ult.kz.
Павлодар облыстық сотында оңтүстік өңірден қоныс аударған хирургтің шағымы қанағаттандырылды.
2024 жылдың қыркүйегінде отбасымен Павлодарға көшіп келген маман жергілікті емдеу мекемесіне хирург болып жұмысқа тұрған. Ол қоныс аударушыларға арналған өңірлік квота арқылы материалдық көмек алуға өтініш берген кезде Мансап орталығынан бірнеше рет негізсіз бас тартуға тап болған.
Алдымен орталық мамандары квотаға қосу үшін Павлодар қаласында тұрғылықты жері бойынша тіркеуді талап еткен. Алайда 2024 жылдың желтоқсанында «квота толды» деген себеппен құжаттары қабылданбаған. 2025 жылдың басында өтінішті қайта тапсырмақ болғанда, бұл жолы көші-қон веб-порталының техникалық шектеулеріне байланысты өтініші ілікпеген: жүйе Павлодар облысында тіркелген азаматтардың шағымдарын қабылдамаған.
Бірнеше мәрте бас тартудан кейін азамат сотқа жүгінуге мәжбүр болды.
Сот Мансап орталығының әрекеттерін заңға қайшы деп таныды. Тіркеу туралы талаптың заңда көзделмегенін, сондай-ақ порталдың техникалық мүмкіндіктерінің болмауы жеңілдіктен бас тартуға негіз болмайтынын атап өтті. Судья хирургтің өңірге қоныстанып, әлеуметтік маңызы бар қызмет атқарып жүргенін де ескерген.
Нәтижесінде Мансап орталығы талап қоюшыны 2024 жылдың қазан айынан бастап өңірлік квотаға енгізуге міндеттелді. Сот оның осы күннен бастап материалдық көмек алуға құқығын мойындады.
Бұдан бөлек, сот уәкілетті органға құқық бұзуға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы жеке ұйғарым шығарып, Мансап орталығының директоры тәртіптік жазаға тартылды.
Шешім заңды күшіне енді.
