23 қаз, 2021 сағат 05:49

Павлодар облысының тұрғыны қызғаныштан адам өлтіріп, 12 жылға сотталды


Қайғылы оқиға Успенка қаласында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Маусымның бір күні таңертең Павлодар облысы Успен ауданының полициясына ауыл тұрғыны қоңырау шалған. Ер адам қорыққан дауыспен ауласында 28 жастағы әйелдің өлтірілгені туралы хабарлаған», - деп мәлімдеді Павлодар облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі. 

Аталған іс полиция бөлімі бастығының орынбарасы Асқар Аралбаев пен аға тергеуші Мақсат Дүйсембаевқа тапсырылған.

Қайтыс болған әйел 61 жастағы Успенка ауылының тұрығынымен қарым-қатынаста болып, бірге тұрған. 

Ер адам жиі қол көтере бергеннен кейін әйел онымен қарым-қатынасын үзген.

«Баратын жері болмаған әйел танысының үйінде тұруға сұранады. Біраз уақыттан кейін бұл үйге Павлодардан қонақ келеді. Келген қонақ пен әйелдің арасында сезім оянып, Павлодарға екеуі бірге қайтпақ болған. Бұл туралы естіген 61 жастағы әйелдің бұрынғы ғашығының бойын қызғаныш билейді», - деп қосты тәртіп сақшылары.

Ер адам ішімдікке тойып алып, әйелді ойынан айнытпақ болған. Алайда ол ойынан қайтпайтынын айтады.

«Сол кезде ер адам әйелдің көкірек қуысына пышақ сұққан. Ашуға булыққан ер адам сол әрекетін бірнеше рет қайталаған, - деді полициядан. – Үй иесі болған оқиғаға куә болады. Ол қылмыскерді ұстауға тырысқан, алайда қолынан келмеген».

Қылмыскер белгісіз бағытта ізін суытады. Үй иесі дереу жедел жәрдем шақырып, полицияға хабарласқан. 

Оқиға орнына жеткен медицина қызметкерлері әйелдің өлгенін анықтады, ал полицейлер аз уақыттың ішінде күдіктіні ұстады.

«Осы қылмысты жасағаны үшін ер адам ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1-бөліміне сәйкес 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейді», - деп мәлімдеді департаменттен.

Өкім Успен аудандық сотында қыркүйекте шыққан.